ҚХЛ «Барыстың» үш ойыншысын үздіктер қатарына қосты
Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионат аясында өткен «Барыс» пен «Салават Юлаев» арасындағы матчтың үздік үш ойыншысын атады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кездесудің үш жұлдызы да елордалық клубтың хоккейшілеріне бұйырды.
Матч 9 қыркүйекте Астанада өтіп, «Барыстың» 8:6 есебімен жеңіспен аяқталды. Командалар бірге 14 шайба соқты. Бұл кездесу ҚХЛ тарихындағы ең нәтижелі матчтардың қатарына енді.
Кездесудің бірінші жұлдызы болып «Барыстың» шабуылшысы Тайс Томпсон танылды. Екінші жұлдыз атағы команданың жаңа шабуылшысы Джастин Бэйлиге берілді. Ал ҚХЛ кездесудің үшінші жұлдызы ретінде «Барыстың» тағы бір жаңалығы – қорғаушы Чейз Эванс Прискиді атады.
Осылайша, ойын күніндегі ең тартысты әрі нәтижелі матчтардың бірінде үш жұлдыздың да атағы «Барыс» ойыншыларына бұйырды. Елордалық команда осылайша маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді.