Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін алғаш рет халықаралық додаға қатысады
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық жарысын анықтады, деп хабарлайды Prosports.kz.
ҚР ҰОК мәліметінше, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 24-27 қыркүйек аралығында Братиславада өтетін Nepela Memorial турниріне қатысады.
Словакиядағы жарыс 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series сериясының күнтізбесіне енген. Шайдоров ерлер арасындағы жеке бағдарлама бойынша бақ сынайды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл бәсекеде 29 мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсетеді.
Братиславадағы турнир қазақстандық спортшы үшін Олимпиададағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы халықаралық жарыс болмақ. 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен Олимпиада ойындарында Шайдоров ерлер арасындағы жеке сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшы екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, Олимпиада чемпионы атанған еді.